News Item
ЕҚЫҰ Қазақстанда мүдделі тараптардың консультациялары мен деректерді тексеру арқылы дәлелді деректерге негізделген бассейндік жоспарлауды қолдайды
- Issued on:
- Шығарған:
- OSCE Programme Office in Astana
2026 жылғы 26 шілде мен 4 тамыз аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Су ресурстары және ирригация министрлігі жанындағы Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығымен серіктестікте Арал-Сырдария, Жайық-Каспий және Ертіс бассейндеріндегі бассейндік инспекциялар мен су секторындағы басқа да мүдделі тараптармен бірқатар консультацияларға қолдау көрсетті. Консультациялар Қазақстанның нақты, өзекті және бірлесіп тексерілген деректерге негізделген бассейндік жоспарлар мен су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспарын әзірлеу жөніндегі кең ауқымды жұмысының бір бөлігі болды.
Консультацияларға бассейндік инспекциялардың, «Қазсушар» және «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының (РМК) филиалдарының, жергілікті атқарушы органдардың, су пайдаланушылар ұйымдарының, сондай-ақ ғылыми және зерттеу мекемелерінің 100-ден астам өкілі қатысты. Кездесулерді су ресурстары саласындағы үш маманнан (екі әйел және бір ер адам) құралған сарапшылар тобы өткізді. Кездесулер 26-29 шілде аралығында Қызылордада, 30-31 шілдеде Ақтауда, сондай-ақ 2-4 тамыз аралығында Семей мен Өскеменде өтті. Қатысушылар бастапқы деректерді тексеру, болжамды су баланстарын жергілікті инвестициялық және даму жоспарларымен сәйкестендіру, сондай-ақ бассейндік жоспарларға енгізу үшін шараларды айқындау бағытында жұмыс жүргізді.
Консультациялар техникалық талдауды нысандарға шығу арқылы жүргізілген бақылаулармен ұштастырды. Қатысушылар су пайдалану лимиттерін, суды есепке алу мен өлшеудің дәлдігін, гидротехникалық инфрақұрылым мен суару каналдарының жай-күйін, суды тасымалдау кезіндегі шығындарды, сондай-ақ трансшекаралық міндеттемелердің орындалуын қарастырды. Сонымен қатар бассейндік кеңестердің жұмысы, су пайдаланушылар мен қоғамның қатысуы, бассейндік жоспарлау үшін қажетті деректердің қолжетімділігі мен сапасы талқыланды. Су инфрақұрылымы мен су пайдалану нысандарына жасалған далалық сапарлар қатысушыларға жоспарлау үдерісін нақты жергілікті жағдайлармен байланыстыруға мүмкіндік берді.
Сарапшылар тобымен тікелей жұмыс барысында бассейндік инспекциялардың өкілдері бастапқы есептік деректер мен бұрын әзірленген талдамалық материалдар арасындағы сәйкессіздіктерді де салыстырып, нақтылады. Атап айтқанда, үш бассейндегі сумен қамту көздері мен трансшекаралық ағындар туралы деректер түзетілді. Бұл ағымдағы және болашақтағы су сұранысы сценарийлері негізінде су баланстарын есептеу үшін неғұрлым берік деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Консультациялар сондай-ақ каналдарды қалпына келтіруге, су үнемдеу технологияларына және мониторинг желілеріне одан әрі инвестиция салудың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Ұлттық мемлекеттік органдарды, бассейндік инспекцияларды, су пайдаланушыларды және басқа да мүдделі тараптарды деректерді тексеру және басымдықтарды бірлесіп айқындау үшін біріктіре отырып, консультациялар Қазақстанның бассейндік жоспарлары мен су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспарын әзірлеу үшін қажетті дәлелді деректер базасын нығайтты. Бұл бастама ЕҚЫҰ міндеттемелері мен халықаралық озық тәжірибелерге сәйкес Қазақстанның су қауіпсіздігін, трансшекаралық ынтымақтастықты және су ресурстарын тұрақты басқаруды нығайту жөніндегі ұзақ мерзімді күш-жігерін қолдайды.