News Item
ЕҚЫҰ Қазақстанда екінші қарқынды құқықтық тренинг бағдарламасы арқылы судьяларды даярлау жүйесін нығайтуда
- Issued on:
- Шығарған:
- OSCE Programme Office in Astana
2025 жылғы 20 желтоқсанда Астанада судьялық қызметке дайындалып жүрген Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100 заңгерді біріктірген қарқынды құқықтық тренинг бағдарламасының екінші легі өз жұмысын аяқтады. Оқыту бағдарламасы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі тарапынан Жоғары Сот Кеңесімен, Жоғарғы Сотпен, Сот әкімшілігімен, Сот төрелігі академиясымен және Maqsut Narikbayev University-мен бірлесіп іске асырылды.
Бұл оқыту Қазақстанның сот жүйесін нығайтуға, білікті әрі кәсіби кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Бағдарламаның мазмұны мен мақсаты сот жүйесін дамытудағы ұлттық басымдықтарға сай әзірленіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағыттармен үйлестірілген.
Бағдарламаның екінші легіне конкурстық іріктеу нәтижесінде сот жүйесінің қызметкерлері мен заңгерлер қатысты. Әрбір қатысушы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған құқықтың түрлі салаларын қамтитын алдын ала тестілеуден өтті.
Бағдарламаның тұжырымдамасы мен мазмұны судьялық лауазымға үміткерлерге арналған біліктілік емтиханының кезеңдеріне сәйкес әзірленді. Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесі, Сот төрелігі академиясы және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі әдістемелік және ұйымдастырушылық тұрғыда жетекші рөл атқарды. Гибридті форматта өткен бағдарлама 24 қараша мен 12 желтоқсан аралығындағы онлайн кезеңнен және 15–20 желтоқсан күндері Астанада өткен офлайн кезеңнен тұрды.
Екі апталық онлайн кезең тоғыз негізгі заңнама саласы бойынша тестілеуге арналған теориялық дайындықты қамтып, әр бағыт бойынша интерактивті сұрақ-жауап сессияларын өткізуді көздеді. Ал офлайн кезең барысында қатысушылар сот актілерін әзірлеу әдістемелерін меңгеріп, құқықтық талдау мен дәлелдеу дағдыларын жетілдірді, сондай-ақ қақтығыстарды басқару және көпшілік алдында сөйлеу қабілеттерін арттырды. Бағдарламаның практикалық бағытына жұмыс істеп жүрген судьялар мен сот органдарының қызметкерлерінің тренер ретінде қатысуы да ықпал етті. Осылайша, бағдарламаның құрылымы мен мазмұны, сот жүйесінің барлық институттарының оны іске асыруға белсенді қатысуы және айқын практикалық бағыты бұл бастаманың бірегейлігін айқындайды.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысы, Елші Алексей Рогов қарқынды құқықтық тренинг бағдарламасы судьялық қызметке үміткерлерді даярлауға арналған құнды қосымша құрал екенін және біліктілік емтиханының нәтижесіне қарамастан қатысушылардың кәсіби құзыреттерін нығайтуға тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сот жүйесінің барлық мүдделі тараптары қолдаған бұл бастама Қазақстанның сот жүйесін одан әрі нығайтуға деген берік ұстанымын көрсетіп, судьялар мен сот қызметкерлерін даярлаудың маңыздылығын айқындайды. Бағдарлама әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарын ұстанатын жоғары білікті заңгерлерді қалыптастыруға бағытталған елдің ұмтылысын дәлелдейді. Оқыту бағдарламасы Норвегия, Польша және Америка Құрама Штаттарының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» атты бюджеттен тыс жобасы аясында ұйымдастырылды.