News Item
ЕҚЫҰ Алматыдағы Қазақстанның Бітімгерлік операциялар орталығында оқ-дәрілерді басқару бойынша жаңғыртылған оқу сыныптарын ашты
- Issued on:
- Шығарған:
- OSCE Programme Office in Astana
2026 жылғы 29 сәуірде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Алматыдағы Қазақстанның Бітімгерлік операциялар орталығы жанындағы «Бітімгер» оқу орталығында жаңғыртылған оқу сыныптарының ресми ашылу рәсімін өткізді.
Жаңғырту жұмыстары қару-жарақ пен оқ-дәрілер қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған «Қазақстан Республикасындағы қазіргі заманғы қауіпсіздік қатерлерін жою» атты бюджеттен тыс жоба аясында жүзеге асырылды.
Жаңартылған оқу сыныптары Қорғаныс министрлігінің офицерлері мен мамандарын кәдімгі оқ-дәрілердің өмірлік циклін басқарудың негізгі бағыттары бойынша, соның ішінде сақтау, пайдалану, тасымалдау, жою, сондай-ақ қауіпсіздік және қорғау рәсімдері бойынша құрылымдалған әрі тәжірибелік оқытуды қамтамасыз етуге арналған.
Ашылу рәсіміне ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысы Елші Алексей Рогов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің қызметкерлері қатысты. Бағдарлама аясында ресми сөз сөйлеулер, Қазақстанның Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Уәлихан Байкеновтің жұмыстардың аяқталғанын атап өткен мәлімдемесі, сондай-ақ жаңартылған нысандар бойынша қысқаша экскурсия өтті.
«Бұл оқу сыныптарының ашылуы Қазақстанның Бітімгерлік операциялар орталығының мамандандырылған әрі жоғары сапалы курстар өткізу платформасы ретіндегі рөлін күшейтіп, оқ-дәрілерді басқару саласындағы білім мен дағдыларды жүйелі түрде дамытуға және қолдануға мүмкіндік береді», - деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысы Елші Алексей Рогов.
Жаңартылған сыныптар Қорғаныс министрлігінің офицерлері мен мамандары үшін тұрақты оқу алаңы ретінде қызмет етеді және құрылымдалған әрі стандартталған ортада жүйелі оқытуды қамтамасыз етеді. Бұл сыныптар білімді тұрақты түрде беруге, дағдыларды дамытуға және министрліктің институционалдық оқу әлеуетін нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.
«Оқ-дәрілердің өмірлік циклін басқарудан бөлек, “Бітімгердегі” заманауи әрі функционалды оқу сыныптары ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы басқа да далалық миссияларымен бірлесіп Астанадағы Бағдарламалар офисі өткізетін өңірлік тренингтер үшін алаң болады. Бұл тренингтер ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси қызметінің негізін құрайтын қауіпсіздік мәселелеріне арналмақ», - деді бюджеттен тыс жобаның менеджері Ярослав Курек.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстанның институционалдық әлеуетін нығайтуға және кәдімгі оқ-дәрілерді басқару саласындағы жалпы қауіпсіздікті арттыруға қолдау көрсетуді жалғастырады.