News Item
ЕҚЫҰ Орталық Азияда сот төрелігі жүйесіндегі әйелдер көшбасшылығы мен жас мамандар арасындағы диалогты қолдайды
- Issued on:
- Шығарған:
- OSCE Programme Office in Astana
2026 жылғы 28-30 сәуір аралығында Астанада Орталық Азия елдерінен келген әйел судьялар, заңгерлер және әділет саласындағы жас мамандар ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған бірқатар іс-шараларға қатысты. Іс-шаралардың мақсаты – өңірлік кәсіби диалогты нығайту, гендерлік сезімтал әділеттілікті дамыту және сот төрелігі жүйесіндегі жаңа буын мамандарын қолдау болды.
Іс-шараларға сондай-ақ Қазақстан Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының, Жоғары Сот Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, сот және құқық қорғау органдарының, академиялық орта мен азаматтық қоғамның, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ Халықаралық әйел судьялар қауымдастығының өкілдері қатысты.
28 сәуір күні өткен «Әділет саласындағы әйелдердің әлеуетін арттыру» атты таңғы кездесу Орталық Азиядағы Әділет жүйесіндегі әйелдер альянсын құру және оның Халықаралық әйел судьялар қауымдастығымен ықтимал ынтымақтастық форматтарын талқылауға арналған алаң болды. Қатысушылар осал топтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы үйлестірілген іс-қимылдарды күшейту мақсатындағы ведомствоаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесуде Қазақстан Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетіндегі Қазақстан және Орталық Азия өкілі Мәдина Жарбосынова, Халықаралық әйел судьялар қауымдастығының Еуропа өңірі бойынша өкілі Ита Фаррелли, сондай-ақ Қазақстанның Конституциялық Соты мен Жоғарғы Сотының судьялары, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері және Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген әйел судьялар сөз сөйледі.
Осы іс-шарадан кейін 30 сәуірге дейін жалғасқан «Әділет саласындағы жас мамандар» атты оқу курсы басталды. Бағдарламаға 25-32 жас аралығындағы 27 жас маман қатысты, олардың қатарында жаңадан тағайындалған судьялар, сот қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар және Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен келген өзге де құқық саласының мамандары болды. Қатысушылардың 22-сі әйелдер, 5-еуі ер азаматтар еді.
Үш күндік бағдарлама тәжірибе алмасуға негізделген диалог пен практикалық оқытуды ұштастырып, кәсіби тәжірибені жас мамандардың қажеттіліктерімен байланыстыруға бағытталды. Пікір алмасу сессияларында судьялар, прокурорлар, адвокаттар және аға буын заңгерлер сот және құқық қорғау тәжірибесі, кәсіби этика, мансаптық даму және әділет институттарына деген қоғамдық сенімді арттыру үшін қажетті дағдылар жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Бұл кездесулер қатысушыларға күнделікті тәжірибеде кездесетін мәселелерді талқылауға, сұрақтар қоюға және тәжірибелі мамандардан практикалық кеңес алуға мүмкіндік берді. Практикалық сабақтар барысында қатысушылар құқық үстемдігі, әділ сотқа қолжетімділік, цифрлық трансформация, жасанды интеллект пен дербес деректерді қорғау, гендерлік сезімтал әділеттілік, сот этикасы, құқықтық пайымдау, коммуникация және жанжалдарды басқару бағыттары бойынша қолданбалы білім мен дағдылар алды. Әсіресе этикалық шешім қабылдау, құқықтық дәлелдеу, көшбасшылық және коммуникациялық қабілеттерді дамытуға, сондай-ақ әйелдер мен қыздардың әділ сотқа тең әрі тиімді қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық тәсілдерге ерекше назар аударылды.
Іс-шаралар «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» атты бюджеттен тыс жоба аясында ұйымдастырылды және ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы әділет жүйесінің тиімділігін, ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған реформаларды қолдау жөніндегі тұрақты қызметінің бір бөлігі болды. Сонымен қатар бұл бастама әділет жүйесіндегі әйелдердің көшбасшылығын нығайтуға, жас мамандарды құқық саласындағы жаңа сын-қатерлерге жауап беруге қажетті практикалық құралдармен қамтамасыз етуге және өңірлік кәсіби байланыстарды дамытуға ықпал етті.