News Item
Қаржылық мониторинг пен тергеулерде ЖИ-ің жауапты қолданылуын ілгерілету
- Issued on:
- Шығарған:
- OSCE Programme Office in Astana
2026 жылғы 15-16 маусымда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, сондай-ақ ЕҚЫҰ Хатшылығының Трансұлттық қатерлер департаментінің Терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің қолдауымен осы екі ведомствоның қызметкерлеріне арналған оқу семинарын ұйымдастырды. Оқу іс-шарасы қаржылық мониторинг пен қаржылық қылмыстарды тергеуде жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын енгізуге арналды.
Қаржылық қылмыстар, соның ішінде ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру, цифрлық дәуірде барған сайын күрделеніп келеді. ЖИ ірі деректер жиынтығын нақты уақыт режимінде талдауға, күдікті үлгілерді анықтауға, заңсыз табыстардың ізіне түсуге және тергеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беру арқылы қаржылық мониторингті күшейтудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынады.
Семинарға 25 қатысушы жиналды, оның ішінде 9 әйел және 16 ер адам. Іс-шара қаржылық барлау мен қылмыстық тергеулерде жаңа технологияларды қолдану бойынша білім алмасу, ведомствоаралық диалог және практикалық оқыту алаңы болды. Қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді талқылап, институционалдық тәжірибелерімен бөлісті және ЖИ негізіндегі шешімдер арқылы талдамалық және тергеу әлеуетін арттырудың инновациялық тәсілдерін қарастырды.
Екі күндік семинар барысында қатысушылар ЖИ-ті аномалияларды анықтау, байланыстар графтарын талдау және табиғи тілді өңдеу салаларында қолданудың негізгі тәсілдерін зерделеді. Сондай-ақ машиналық оқыту әдістері арқылы тәуекелдерді бағалау мен күдікті транзакцияларды талдауды автоматтандыру мүмкіндіктерін, халықаралық тәжірибені, ЖИ тиімділігін бағалау және деректер шектеулерін талқылады. Технологияны жауапты пайдалану, адам бақылауы, аудит, FATF ұсынымдарына сәйкестік және Интерпол-Біріккен Ұлттар Ұйымының Қылмыс пен әділеттілік мәселелері жөніндегі өңіраралық ғылыми-зерттеу институты әзірлеген құралдар жиынтығына ерекше назар аударылды. Шақырылған сарапшылар жетекші халықаралық тәжірибелермен бөлісіп, қатысушыларға ЖИ негізіндегі аналитикалық құралдармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын дамытуға көмектесті.
Бұл іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Қазақстанның қаржылық мониторинг және қаржылық қылмыстарды тергеу саласындағы әлеуетін инновациялық, жауапты және халықаралық стандарттарға сай тәсілдерді ілгерілету арқылы нығайтуға бейілділігін тағы да растады. Кәсіби сараптаманы, ведомствоаралық ынтымақтастықты және озық технологияларды қолдануды күшейту арқылы Офис Қазақстанның қаржылық қылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеу жөніндегі күш-жігерін қолдауды жалғастыруда.