News Item

ЕҚЫҰ Қазақстандағы блокчейн, цифрлық активтер және электрондық дәлелдемелер бойынша сараптаманы күшейтуде

Issued on:
Шығарған:
OSCE Programme Office in Astana

Қазақстанда блокчейн және цифрлық активтерді талдау қаржылық қылмыстарды тергеуде қазірдің өзінде қолданылуда: 2024 жылы айналымы шамамен 60 млрд теңгені құраған 36 заңсыз криптобиржаның қызметі тоқтатылып, 4,8 млн USDT бұғатталды немесе тәркіленді. Ал 2025 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі 4 мыңнан астам криптоәмиянға талдау жүргізіп, 9,7 млн USDT бұғаттады.

Осыған байланысты 2026 жылғы 14-18 қыркүйек аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп, Құқық қорғау органдары академиясында блокчейн, цифрлық активтер және электрондық дәлелдемелер бойынша бес күндік оқу семинарын ұйымдастырды.

Семинарға Қаржылық мониторинг агенттігінің, Құқық қорғау органдары академиясының, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің 27 өкілі – 9 әйел және 18 ер адам қатысты. Қатысушылар блокчейн технологиясының негіздерінен бастап электрондық дәлелдемелер мен цифрлық іздерді қолданудың озық тәсілдеріне дейінгі тақырыптарды меңгерді.

Семинардың негізгі тақырыптары қатарында блокчейн технологиясының қағидаттары, Қазақстанның құқықтық және реттеушілік базасы мен халықаралық тәжірибе, ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл, экономикалық қылмыстарда цифрлық активтерді пайдалану, сондай-ақ қылмыстық тергеулердегі электрондық дәлелдемелер мен цифрлық іздердің рөлі болды. Сонымен қатар блокчейн технологиясы мен цифрлық активтердің жаңа экономикалық мүмкіндіктер туғызуымен қатар, ақшаны жылыстату, салық төлеуден жалтару және қылмыстық әрекеттердің іздерін жасыру сияқты жаңа тәуекелдерге әкелуі мүмкін екені қарастырылды.

Қазақстан үшін бұл саладағы сараптаманы дамыту құқық қорғау органдарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ғана емес, сондай-ақ сенімді әрі тартымды инвестициялық ортаны сақтау және FATF-тың халықаралық стандарттарына сәйкес келу үшін де маңызды. Ел заңсыз криптоплатформалардың қызметін тоқтату, цифрлық активтерді тәркілеу, қылмыстық әрекеттерге қатысы бар криптоәмияндардың тізілімдерін жүргізу және ірі көлемдегі криптооперацияларға бақылауды күшейту сияқты шаралар арқылы өз тәсілдерін жетілдіруде. Сонымен қатар технологиялық дамудың жылдам қарқыны құқық қорғау және қаржылық мониторинг органдарынан білімін, дағдылары мен құралдарын үнемі жаңартып отыруды талап етеді.

Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің қаржылық қылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру саласында Қазақстанның әлеуетін күшейтуге, сондай-ақ инновациялық, жауапты және халықаралық стандарттарға сәйкес тәсілдерді ілгерілетуге бейілділігін тағы бір мәрте растады. Кәсіби сараптаманы арттыру, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және озық технологияларды тиімді пайдалану арқылы Офис Қазақстанның қаржылық қылмыстардың жаңа тәуекелдеріне ден қою жөніндегі күш-жігерін қолдауды жалғастыруда.


Contacts

БАҚ сауалдары үшін

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан