News Item

ЕҚЫҰ Қазақстанның құқық қорғау органдарына жасанды интеллектіні (AI) жауапты және этикалық тұрғыда пайдалану бойынша оқыту өткізді

Issued on:
Шығарған:
OSCE Programme Office in Astana

2026 жылғы 1-4 қыркүйек аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен және ЕҚЫҰ Хатшылығының Трансұлттық қауіп-қатерлер департаментімен тығыз ынтымақтастықта құқық қорғау органдарында жасанды интеллектіні жауапты және этикалық тұрғыда пайдалану мәселелері бойынша төрт күндік оқу курсын ұйымдастырды. Курс трансұлттық қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау және мамандандырылған органдардың әлеуетін нығайтуға бағытталған ЕҚЫҰ қызметі аясында өткізілді.

Жылдам цифрлық трансформация зорлық-зомбылық экстремизмі мен терроризмге алып келетін радикалданудың алдын алу шаралары үшін қауіп-қатерлер сипатын да, оларға ден қою құралдарын да өзгертіп жатқан кезде, зиянды әрекет етушілер жалған бейнематериалдар жасау, экстремистік нарративтерді тарату, сондай-ақ адамдардың жеке басын жасыру арқылы адамдарды тарту және операциялық жоспарлау үшін жасанды интеллектіні барған сайын жиі пайдаланып келеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі сыни тұрғыдан пайдалану дағдыларын қалыптастыру практикалық қажеттілікке айналды.

«Құқық қорғау органдары үшін жаңа технологиялар ақпарат пен құжаттардың үлкен көлемін талдаудан бастап, күнделікті басқа да жұмыстардың тиімділігін арттыруға дейін елеулі мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, осындай сезімтал салада жасанды интеллектіні пайдалану ерекше жауапкершілікті талап етеді. Жаңа технологиялар құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, деректерді қорғау, адам құқықтары және бақылауы саласындағы тиісті кепілдіктер сақтала отырып қолданылуы тиіс», – деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысы, Елші Алексей Рогов.

Төрт күн ішінде 24 қатысушы жасанды интеллектінің негізгі ұғымдарымен, соның ішінде машиналық оқыту, үлкен тілдік модельдермен, сондай-ақ ашық салмақты (open-weight) және коммерциялық жабық модельдердің айырмашылығымен танысты. Сонымен қатар, олар құқық қорғау саласында жасанды интеллектіні жауапты пайдалануға арналған қауіпсіздік шараларын қарастырды. Сессиялар барысында Құқық қорғау органдарында жасанды интеллектіні жауапты инновациялық қолдану жөніндегі INTERPOL-UNICRI құралдар жинағы таныстырылып, адамның бақылауы, есептілік, ашықтық және құжаттандыру сияқты қағидаттардың жасанды интеллектіні жауапты пайдалануға қалай бағыт-бағдар бере алатыны талқыланды.

Қатысушылар күнделікті міндеттерді  атқару мақсатында жасанды интеллект құралдарын қауіпсіз пайдалану бойынша практикалық жаттығулардан өтті. Сонымен қатар, олардың практикалық шектеулері, нәтижелерді тексерудің маңыздылығы, сондай-ақ құпия немесе сезімтал деректерді жалпыға қолжетімді бұлтты сервистер арқылы өңдеуге байланысты тәуекелдер талқыланды. Сессиялар барысында жасанды интеллект жүйелерінің негізіндегі  техникалық ұғымдар таныстырылып, әртүрлі орналастыру нұсқалары, соның ішінде ұйымдардың өз құжаттарына негізделген ішкі құралдарды әзірлеу мүмкіндіктері қарастырылды.

Курс соңында қатысушылар топтық жаттығу барысында күнделікті жұмыстарына қатысты жасанды интеллектіні қолданудың ықтимал бағыттарын қарастырып, Қазақстандағы құқық қорғау және мамандандырылған органдарда жасанды интеллектіні жауапты түрде енгізу жөніндегі жол картасын талқылады.

Оқыту Германия, Финляндия, Норвегия және Америка Құрама Штаттары қаржыландыратын ЕҚЫҰ Хатшылығының Трансұлттық қауіп-қатерлер департаментінің CLEAR жобасы (Critical Thinking, Information and Media Literacy, Ethical AI, and Resilience for Preventing and Countering Violent Extremism and Radicalization that Lead to Terrorism – Сыни ойлау, ақпараттық және медиасауаттылық, этикалық жасанды интеллект және терроризмге алып келетін зорлық-зомбылық экстремизмі мен радикалданудың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл саласындағы орнықтылық) аясында өткізілді.

CLEAR жобасы ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қатысушы мемлекеттерге интернеттегі ортаның ерекшеліктеріне байланысты туындайтын және сол ортадан бастау алатын зорлық-зомбылық экстремизмі мен радикалданудың алдын алу және оған қарсы іс-қимылға, сондай-ақ интернетті, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні террористік мақсатта теріс пайдалануға қатысты кешенді және адам құқықтарына негізделген тәсілдерді нығайтуға қолдау көрсетеді.


Contacts

БАҚ сауалдары үшін

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан