News Item

ЕҚЫҰ мен Қазақстан виртуалды активтерге байланысты қылмыстарды тергеу әлеуетін нығайтуда

Issued on:
Шығарған:
OSCE Programme Office in Astana

2026 жылғы 12-15 қазанда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп, Академия базасында блокчейн, виртуалды активтер және криптовалюта экожүйелерінің негіздеріне арналған оқыту курсын ұйымдастырды. Бұл курс Қазақстанның құқық қорғау және қаржылық мониторинг органдарының виртуалды активтерге байланысты қылмыстарды тергеу әлеуетін нығайтуға бағытталған көпжылдық кешенді бағдарламаның алғашқы модулі болып табылады.

Виртуалды активтер қаржы айналымына қарқынды түрде еніп келеді. Қазақстанда цифрлық активтер айналымын реттейтін кешенді құқықтық база 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енді. Сонымен қатар, виртуалды активтердің трансшекаралық сипаты, транзакциялардың жылдамдығы және пайдаланушылардың жеке басын анықтауды қиындататын бүркеншік сипат қылмыскерлер үшін оларды тартымды етеді. Қазіргі уақытта криптоактивтерге қатысты іздер алаяқтық, есірткі саудасы, сыбайлас жемқорлық және терроризмді қаржыландыру сияқты қылмыстық істерде кездеседі. Виртуалды активтер тек тергеу үшін қиындық тудырып қана қоймай, маңызды құрал да бола алады. Ашық блокчейнде тіркелген әрбір транзакция цифрлық із қалдырады. Бұл қаражат қозғалысын бақылауға, криптоәмияндарды олардың артында тұрған тұлғалармен байланыстыруға, сондай-ақ активтерді бұғаттап, қайтаруға мүмкіндік береді.

Курсқа Бас прокуратураның, оның Активтерді қайтару қызметінің, Ішкі істер министрлігінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 18 өкілі қатысты. Олардың ішінде 4 әйел және 14 ер адам болды. 2026 жылғы мамырда халықаралық сарапшылар жүргізген қажеттіліктерді бағалау нәтижелеріне негізделген бағдарлама алдағы екі-үш жыл ішінде транзакцияларды қадағалау, криптоәмияндарды анықтау және олардың иелерін сәйкестендіру, заңсыз транзакциялар мен заңсыз айырбастау қызметтерін анықтау, сондай-ақ активтерді қайтару бағыттарында практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.

Қазақстан үшін бұл бағыттағы сараптамалық әлеуетті дамыту құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырумен қатар, сенімді инвестициялық ортаны сақтауға және Қаржылық іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобының (FATF) халықаралық стандарттарын орындауға да маңызды. 2025 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі есірткі саудасы мен алаяқтықтан түскен кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 22 көлеңкелі криптоайырбастау пунктінің қызметін тоқтатып, 1 100-ден астам заңсыз онлайн криптоайырбастау қызметін бұғаттады. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында осындай тағы 12 айырбастау пункті жойылды. 2025 жылғы бір істе 4 000-нан астам криптоәмиянды талдау нәтижесінде Агенттік ТМД елдеріндегі 200-ден астам есірткі дүкенінің кірістерін жылыстатқан айырбастау қызметінің жолын кесіп, шамамен 9,7 миллион АҚШ доллары көлеміндегі цифрлық активтерді бұғаттады.

Оқыту курсы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Қазақстанға ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бағытында ұзақ жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауының бір бөлігі болып табылады. Кәсіби біліктілікті жүйелі түрде арттыру және ведомствоаралық ынтымақтастық арқылы Офис ұлттық органдардың виртуалды активтерге байланысты қылмыстарды тергеу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді қайтару әлеуетін нығайтуға қолдау көрсетуді жалғастыруда.


Contacts

БАҚ сауалдары үшін

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан