Skip Links

News Item

ЕҚЫҰ мен inDrive Қазақстандағы жүргізушілер мен курьерлерге арналған гендерлік сезімтал коммуникация бойынша алғашқы онлайн бейнекурсты іске қосты

Issued on:
Шығарған:
OSCE Programme Office in Astana

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі мен inDrive компаниясы Қазақстандағы жүргізушілер мен курьерлерге арналған гендерлік сезімтал коммуникация бойынша жаңа онлайн курсты іске қосты. Бұл бастама 2025 жылы басталған әріптестіктің жалғасы болып табылады және қоғамдық кеңістіктердің қауіпсіздігін арттыруға, өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты дамытуға және қудалаудың алдын алуға бағытталған.

Тоғыз модульден тұратын бейнекурс ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен әзірленді және енді inDrive компаниясының білім беру платформасында Drivers Academy қолжетімді. Осылайша, гендерлік сезімтал коммуникация бойынша оқыту курсына қолжетімділік Қазақстанның барлық өңірлерінде кеңейтілді. Бастама Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыруға қолдау көрсетіп, гендерлік теңдікті ілгерілету, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және инклюзивті қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ЕҚЫҰ міндеттемелеріне үлес қосады.

Ынтымақтастық 2025 жылғы маусымда inDrive платформасының 60 жүргізушісіне арналған гендерлік сезімтал коммуникация бойынша алғашқы пилоттық офлайн оқытудан басталды. Іс-шараға ҚазақстанныңМәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің өкілдері, гендерлік мәселелер жөніндегі сарапшылар мен құқық қорғау органдарының мамандары қатысты. Оқу курсын Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясы аға оқытушысы, полиция майоры Наргиза Жақсылыкова ашып, қауіпсіз қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруда мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және жеке сектор серіктестерінің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Пилоттық бастама кеңінен танылып, 2025 жылы Швеция төрағалық еткен Адами өлшем комитетінің отырысында қудалаудың алдын алуға жеке секторды тартудың инновациялық тәсілі ретінде ұсынылды.

Бастаманың ауқымын одан әрі кеңейту мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Офис пен inDrive Алматы қаласы мен Алматы облысында хабар тарататын «Жұлдыз» радиосымен бірлесіп, әйел жолаушылармен сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты насихаттайтын ақпараттық науқан өткізді. Науқан шамамен 2 миллион адамды қамтыды.

Курстың іске қосылуына байланысты пікір білдірген ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысы, Елші Алексей Рогов:

«Осы курс жүргізушілердің Қазақстанда, Орталық Азияда және ЕҚЫҰ кеңістігінде барлық гендер өкілдеріне барынша құрметпен және инклюзивті қызмет көрсететін мамандардың қатарынан көрінуіне ықпал етеді деп сенеміз. Такси қызметі тек жылдамдық пен жайлылықты ғана емес, сондай-ақ жолаушыларға олардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып құрметпен қарауды білдіреді», – деді.

inDrive Қазақстандағы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Арай Бекембаев күнделікті қызмет көрсетуде өзара құрметтің маңызын атап өтті:

«Біз саланың дамуы тек технологияларға ғана негізделмеуі тиіс деп есептейміз. Ол адамдардан, қарым-қатынас мәдениетінен және қызмет көрсету сапасынан басталады. Сондықтан бұл курсты олардың қай платформада жұмыс істейтініне қарамастан Қазақстандағы барлық жүргізушілер мен курьерлер үшін қолжетімді еттік. Осындай білім беру бастамаларын біз бүкіл саланың дамуына салынған инвестиция ретінде қарастырамыз. Кәсіби коммуникация стандарттары неғұрлым жоғары болса, миллиондаған адам үшін сапарлар соғұрлым қауіпсіз әрі жайлы болады».

Курсты әзірлеуге қатысқан гендерлік мәселелер жөніндегі сарапшы Әйгерім Құсайынқызы:

«Курсты әзірлеу барысында біз жүргізушілерге кәсіби қарым-қатынас жасауға арналған практикалық құралдарды ұсынуды мақсат еттік. Олар сапарларды жайлырақ етуге және жанжал туындау ықтималдығын азайтуға көмектеседі», – деді.

ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы №4/18 шешіміне (2018 жыл) сәйкес, бұл әріптестік қауіпсіз қауымдастықтарды қалыптастыру мен гендерлік сезімтал тәсілдерді ілгерілетудегі жеке сектордың маңызды рөлін көрсетеді. Қазақстандағы такси қызметі саласында 500 мыңнан астам жүргізуші мен курьер еңбек ететінін ескере отырып, бұл бастама табысты пилоттық жобаны бүкіл ел көлемінде кеңінен қолданылатын тұрақты білім беру құралына айналдырды.

2013 жылы құрылған және 2018 жылы АҚШ-та тіркелген inDrive бүгінде әлемнің 48 еліндегі 1 200-ден астам қалада қызмет көрсетеді. Компания жолаушылар тасымалы және өзге де мобильдік қызметтерді ұсынады. Google Play және App Store деректеріне сәйкес, 2022 және 2023 жылдары inDrive әлемдегі ең көп жүктелген такси шақыру қосымшаларының ішінде екінші орынға ие болды.

Онлайн бейнекурс мына сілтеме арқылы қолжетімді: Drivers Academy


Contacts

БАҚ сауалдары үшін

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан