Skip Links

News Item

Frontex анықтамалығы Қазақстанға келді: ЕҚЫҰ заңсыз атыс қаруының, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі оқу циклін бастады

Issued on:
Шығарған:
OSCE Programme Office in Astana

2026 жылғы 8-12 маусым аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қақтығыстардың алдын алу орталығымен Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумымен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігімен (Frontex), Бундесвердің Верификация орталығымен (BwVC), INTERPOL-мен және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (БҰҰ ЕҚБ) бірлесіп Алматы қаласында Қазақстан Республикасын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің 20 қызметкеріне арналған «Жеңіл атыс қаруының, кәдімгі оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл» тақырыбында оқу курсын өткізді. Бұл курс бұған дейін Душанбе қаласында (Тәжікстан) өткізілген оқытудың жалғасы болып табылады және Орталық Азиядағы шекара және кеден органдарының әлеуетін нығайтуға бағытталған кең ауқымды өңірлік бастамалардың бір бөлігі саналады. 

Оқу курсының мақсаты – жеңіл атыс қаруының, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың таралуы мен заңсыз айналымына байланысты трансшекаралық қауіптердің алдын алу саласындағы қабылдаушы елдің әлеуетін нығайту, сондай-ақ шекара, кеден және өзге де құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Халықаралық тәжірибені Ұлттық шекара және кеден қызметкерлерінің практикалық жұмысымен ұштастыра отырып, курс аталған мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Оқу бағдарламасының негізгі бөлігі Frontex-тің шекара және кеден қызметкерлеріне арналған жеңіл атыс қаруы жөніндегі анықтамалығына арналды. Анықтамалықтың халықаралық, яғни Еуропалық Одаққа кірмейтін мемлекеттерге бейімделген нұсқасы алғаш рет ұсынылды. Frontex сарапшысы қатысушыларды агенттіктің мандатымен, ЕО-ның сыртқы шекараларында жеңіл атыс қаруы мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі тәжірибесімен, сондай-ақ анықтамалықты әзірлеу және практикалық қолдану ерекшеліктерімен таныстырды. Теориялық бөлім практикалық жаттығулармен толықтырылды. 

Осы негізде Бундесвердің нұсқаушылары атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сәйкестендіру және олардың ізін қадағалау мәселелеріне арналған мамандандырылған модуль өткізді. Бағдарлама атыс қаруын бақылау, қауіп-қатерлерді бағалау, техникалық негіздер, қаруды, оның құрамдас бөліктері мен таңбаларын сәйкестендіру және құжаттау мәселелерін қамтыды. INTERPOL сарапшысы ұйымның тергеу, қарудың ізін қадағалау және баллистикалық зерттеулер саласындағы құралдарын таныстырды. Ал БҰҰ ЕҚБ нұсқаушысы атыс қаруының заңсыз айналымына қатысты халықаралық-құқықтық негіздер мен жаһандық үрдістерге, оның ішінде осы мәселенің гендерлік қырына тоқталды. 

«Бұл қауіптердің трансұлттық сипаты бар және олар мемлекеттік шекараларды мойындамайды», – деді жоба жетекшісі Ярослав Курек. «Оларға қарсы тұру үшін осы курс қалыптастырған кәсібилік, үздіксіз оқу және мекемелер мен мемлекеттер арасындағы тығыз ынтымақтастық қажет». 

Бұл оқу курсы Қазақстанның шекара және кеден қызметтері үшін жоспарланған оқу бағдарламалары циклінің бастамасы болып табылады. Алғашқы кезеңде болашақта «тренерлерді даярлау» бағдарламасына қатысуы ықтимал офицерлерге басымдық берілді. Бұл ұлттық сарапшыларға кейіннен атыс қаруын сәйкестендіру, тәркіленген қару бойынша құжаттаманы жүргізу, ақпарат алмасу және қарудың ізін қадағалау бағытындағы білімдерін қызметкерлердің кең тобы арасында таратуға мүмкіндік береді. 

Оқу курсының нақты нәтижесі ретінде Frontex анықтамалығының қазақ тіліндегі 42 данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Шекара академиясына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне табысталды. Бұл анықтамалықтар аталған мекемелердің күнделікті қызметінде және алдағы оқу іс-шараларында тұрақты анықтамалық құрал ретінде пайдаланылатын болады.

«Бүгін осы анықтамалықтарды табыстай отырып, біз тек ғана оқу құралын емес, одан да маңызды мұраны қалдырып отырмыз», – деді Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумының жобалар бөлімінің жоба қызметкері Фредерик Клемент. «Біз шекара және кеден қызметкерлері осы оқу курсы аяқталғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы басшылыққа алатын ортақ стандартты ұсынып отырмыз». 

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Frontex, Бундесвер, INTERPOL және БҰҰ ЕҚБ-мен өзара ынтымақтастықты жалғастыра отырып, Қазақстанның шекара және кеден қызметтерінің әлеуетін нығайтуға, ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайтуға өзінің бейілділігін тағы да растайды.

Аталған оқу курсы Офистің бюджеттен тыс «Қазақстан Республикасындағы заманауи қауіпсіздік қатерлерін жою» жобасының мақсаттарын іске асыруға да үлес қосады.


Contacts

БАҚ сауалдары үшін

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі

Бейбітшілік көшесі, 10
Z10K8H4, Астана
Қазақстан